«Мұғалімдердің бәрі бірдей ерекше балалармен дұрыс қарым-қатынас орната алмайды»: Бектенов Сүлейменоваға жаңа тапсырма берді
Ол министрлікке арнайы курс өткізуді тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстандағы педагогтер ерекше балаларға сабақ үйрете алмайтынын айтып, сын танытты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мысалы, мұғалімдердің бәрі бірдей ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылармен қалай тиімді қарым-қатынас орнату керектігін біле қоймайды. Оны азаматтардың көптеген өтініштерінен байқауға болады.Оқу-ағарту министрлігі ерекше балалармен жұмыс істеу бойынша мұғалімдерге арналған оқыту курстарын тұрақты негізде өткізуі қажет», - деді Бектенов үкімет отырысында.
Бектеновтің айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлерде инклюзивті спорт орталықтары салынып жатыр.
«Заманауи спорт нысандары мен қоғамдық орындар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барынша бейімделген. Дегенмен, бассейндерді қолжетімді ету мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Арнаулы құрылғылармен толық жабдықталмаған. Бұл – әсіресе, өңірлерге тән өзекті мәселе. Кедергісіз орта қалыптастыру үшін мектептер мен вокзалдар, дүкендер мен дәріханалар сияқты инфрақұрылым нысандарын бейімдеу ісінің маңызы зор», - дейді ол.
Премьер-министрдің пікірінше, психологиялық-медициналық педагогикалық комиссия мұқтаж балаларды түгел кешенді тексеруден өткізіп үлгере алмай жатыр.
«Ұзын кезек бірнеше айға дейін созылып кетіп жатыр. Арнайы мамандар – яғни логопедтер, сурдологтар, реабилитологтар жетіспейді», - дейді ол.