Ақтөбеде пәтер өртеніп, бір адам қайтыс болды
Жалпы, өртті сөндіруге 32 қызметкер, 8 бірлік техника жұмылдырылды
Ақтөбеде пәтер өртеніп, 13 адам құтқарылды. Бір адамның денесі табылды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ТЖД кезекші бөліміне Ақтөбе қаласы 11 шағын аудандағы 9 қабатты тұрғын үйдің бірінен өрт шыққандығы туралы хабарлама түсті. Шақырту орнына барған өрт сөндірушілер бірінші қабаттағы пәтерден өрт шыққанын анықтап, құтқару жұмыстарына кірісті.
«Өрттің ауданы - 15 шаршы метр. Жалпы 32 қызметкер, 8 бірлік техника жұмылдырылды. Қатты түтін салдарынан жоғарғы қабатта тұратын 13 адам баспалдақ маршы арқылы төмен түсірілді. Оның ішінде 5 бала құтқарылды. Сондай-ақ, 60 адам, оның ішінде 9 бала эвакуацияланды. Оқиға орнынан 1963 жылы туған ер адамның денесі табылды. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр»,- деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Ақтөбе облысының ТЖД тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін сақтауды және өрт болған жағдайда дереу 101 немесе 112 номеріне хабарласуды сұрайды.