$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Шымкентте ұрылардан қажыған жұрт енді қарақшылардың қолын өздері «кеспек»

Тұрғындардың айтуынша, полицейлер ұрыларды ұстамайды

Шымкентте ұрылардан қажыған жұрт енді қарақшылардың қолын өздері «кеспек»
Фото ашық дереккөзден

Шымкентте ұрылардан қажыған жұрт енді қолға түскен қарақшылардың қолын өзіміз кесеміз деп отыр. Себебі, 16 мыңдай тұрғыны бар Асар-2 шағынауданының тұрғындары күн сайынғы ұрлықтан мезі болған, деп хабарлайды КТК арнасы.

Қылмыспен күресуге тиіс тәртіп сақшылары жұмыс істемек түгілі, елдің өзі ұстап берген күдіктілерді жібере салады екен. Ал полицейлер қылмыстың көбеюіне «әкімдік кінәлі» дейді. Асар-2 шағынауданының тұрғындары ұрылардан зәрезап болған. Сұғанақтар есік алдындағы қазан-ошақтан бастап, малға дейін үптеп кетеді екен. Тіпті баспаналарды да тіміскілейді. Мысалы, тойға дайындалған шаңырақтың адамдары күндіз базарға кеткенде үйін тонап кетіпті.

«Күні кеше ұры кірген, мына жерде телевизор тұрған. Оны әкеткен. Стол үстіндегі ноутбугімді әкеткен. Баламның  телефонын ұрлаған. Қалтамда 800 мың ақша тұрған, ол да жоқ. Енді әйел болғаннан кейін үшінші қалтамыз болады ғой, оны да әкеткен, сөмкеммен қоса ұрлаған», - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Динара Ералиева.

Жазасыз қалатынына сенімді баукеспелер тіпті үйінде адамы бар баспаналарға баса-көктеп кіретін де кездері бар. Сондықтан бұл жақтың тұрғындары үйде жалғыз қалудан қорқады.

 Ал полицейлер ұрыларды ұстамайды дейді жиналғандар. Тіпті тұрғындары өзі ұстап берген күдіктілердің өзін тәртіп сақшылары босатып жіберген. Сондықтан арыз жазуды қойған жұрт енді қолға түскен ұрыларды «өзіміз жазалаймыз» деп отыр.

 «Ұсталған адамды «міне» деп апарып берген уақытта, оны қамамаса, ол кетеді. Демек үлесін берген деген сөз. Ол ақымақ адамға да белгілі нәрсе. Егер ұсталған жағдайда ұрылардың саусағын кесеміз! Саусағын, халайық естіңдер! Киізді күйдіреміз де, басып береміз. Құрысын одан кейін. Ақыры жұмыс істемейді, не істейміз? Әбден халықтың шыдамына тиіп бітті», - деді тұрғындардың бірі Қалдыкүл Сәбденқұлова.

 16 мыңға жуық тұрғыны бар Асар-2 шағын ауданында алғашқы тұрғындар он шақты жыл бұрын қоныстана бастаған. Тек қана жер үй салынған ауыл ұрыларына май-шелпекке айналған. Асар-2 шағынауданында ұрыларға барлық жағдай жасалғандай. Көшеде бейнебақылау камерасы түгілі, электр жарығы жоқ. Көптеген аулаларда шарбақтар да қойылмаған. Мұнда жиі бас сұғатын ұрылар кез келген аулаға кіріп керегін алып кете беретін болған.

 Ел шулаған соң бүкіл учаскелік полицейлер жетіп келді. Олар қылмыстың өршуіне инфрақұрылымның жоқтығы себеп деп отыр. Бұл ауылда бір айда 11 ұрлық тіркелгенін айтқан полиция подполковнигі әлі біреуін де ашпапты. Бірақ учаскелік полицейлерді жаңарттық деген ол енді шындап жұмысқа кіріспек.

«Қазір, міне, осы қызметкерлердің тәжірибесі мол. Қылмыс ашуға бейім. Халықпен жақсы тіл табысып жатыр. Осы жерде жақын маңда тұрады. Соны осында әдейі қойып отырмыз. Енді қылмыс азаяды. Жұмыс атқарамыз сол бағытта. Мынау өздеріңіз байқағандай, көшелер асфальтталмаған, су, жарық жоқ. Жарық қою, камера орнату мақсатында әкімдікке ұсыныс бердік», - деді Қаратау ауданы ПБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Оразымбетов.

Енді қатты жұмыс істейтінін білдіргісі келді ме, учаскелік полицейлер бірден елге визитка таратуға көшті. Ал тәртіп сақшыларына «сенбейміз» деген жұрт өз арасынан күнделікті халық жасағын шығармақшы.

 

Серіктес жаңалықтары