Мәулен Әшімбаев қысқы Олимпиадада сынға түсіп жатқан спортшыларымызға жеңіс тіледі
Бұл туралы ол Instagram парақшасында мәлім етті
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қысқы Олимпиадада сынға түсіп жатқан спортшыларымызға қолдау білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қытай астанасы Бейжіңде XXIV қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанды. Бұл – барша спортсүйер қауым үшін маңызды оқиға. Осы дүбірлі додада біздің спортшыларымыз да бақ сынайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсіміне арнайы қатысып, атлеттерімізге қолдау білдірді.
Тәуелсіздік алғалы қазақстандық спортшылар ақ Олимпиадаға тұрақты түрде қатысып келеді. Осы жылдар ішінде Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен және Юлия Галышева сияқты саңлақтарымыз жеңіс тұғырынан көрініп, барша қазақстандықтарға зор қуаныш сыйлады. Биылғы қысқы Ойындардан кейін бұл тізім толыға түседі деп сенеміз», – деді Сенат төрағасы.
Ол сөзін жалғай отырып, Бейжіңге аттанған әрбір спортшыға сәттілік тіледі.
«Төрткүл дүние көз тіккен осындай аламандағы жеңістер ұлтты ұйыстырып, азаматтарымыздың патриоттық рухын арттыратыны анық. Біз бұл жолы да дәл сондай тамаша көңіл-күйді бастан өткереміз деп үміттенеміз. Осы жолда Бейжіңге аттанған әрбір атлетімізге жеңіс пен сәттілік тілейміз және әрдайым қолдау білдіреміз», – деді Мәулен Әшімбаев.