Баянауыл ауданында әкімдердің бірі жауапқа тартылды
Өткен жылдың желтоқсан айында мұнда 1651 гектар жерді шаруа қожалығының пайдалануы үшін конкурсқа шығарған
Облыстық тәртіптік кеңес Торайғыр ауылдық округінің әкімі Мұхтар Молшиннің ісін қарады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Өткен жылдың желтоқсан айында мұнда 1651 гектар жерді шаруа қожалығының пайдалануы үшін конкурсқа шығарған. Жерге үш кәсіпкер таласқан. Ауыл әкімі кірген комиссия «Молша» ШҚ басымдық берген.
Тексеріс көрсеткендей, «Молша» ШҚ басшысы Торайғыр ауылдық округінің әкімі Мұхтар Молшиннің туған інісі болып шықты.
«Мұхтар Молшин жер комиссиясының мүше бола тұра жер учаскесін беру туралы шешімді інісі, «Молша» ШҚ пайдасына берген», - дейді мемлекеттік қызметтегі мемлекеттік бақылау бас маманы Елухан Ергебаев.
Ауыл әкімінің айтуынша, «Молша» ШҚ жер ауқымы кішкентай әрі мал басы көп. Конкурста оған басымдық беруінің себебі сонда, деді ол. Ал інісінің тартысқа қатысатынын әкім тек конкурс өтетін күні ғана білген.
Дегенмен, кеңес мүшелері Торайғыр ауылдық округінің әкімі Мұхтар Молшинге қатысты қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берді.