Ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкерлері тағайындалды
Бұл туралы Қазақстан ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметі хабарлады
Ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерлері тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қазақстан ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ерлерді Нұржан Смаханов, әйелдерді Иван Сивохин бастаған мамандар жаттықтыратын болды. Бұдан бұрын федерация Ұлттық олимпиада комитеті, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігімен келісе отырып, Қазақстан ұлттық құрамасын екі командаға – ерлер мен әйелдерге бөліп басқару туралы шешім қабылдаған болатын.
«Нұржан Дәуренбекұлы мен Иван Павловичтің екеуі де – жоғары білікті мамандар. Құрама командада жұмыс тәжірибесі бар. Алдағы уақытта да нәтиже шығаратынына сенемін. Командалар биылғы алғашқы оқу-жаттығу жиынына кірісті. Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты денсаулық жағдайымен барлық спортшылар түгел қатыса алмады. Дегенмен 13 ақпанда басталатын екінші жиынға қос команда да толық құрамда келеді деп үміттенеміз», деді федерацияның бас хатшысы Алдияр Нұралинов.