ЖОО-лар мен ғылыми-зерттеу институттары кадрлар даярлау бойынша келісімге қол қойды

Маман дайындауға қажетті 500-ден астам білім беру бағдарламасын жасайды

ЖОО-лар мен ғылыми-зерттеу институттары кадрлар даярлау бойынша келісімге қол қойды
Фото: Әсет Құндақбаев

Қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары кадрларды даярлау бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл білім беру саласында зерттеу нәтижелерін қолдануды күшейтеді, ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытуға ықпал етеді, сонымен қатар мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Келісімшарттарға Алматыда өткен университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының форумында қол қойылды. Шараға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Бізге ғылым және білім саласының арасында тығыз, ауқымды және көпжақты байланыс орнату қажет. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, әлем бойынша жетекші елдер ғылым мен білім саласын тиімді біріктіре алды. Бұл тәжірибе қазақстандық білім және ғылым жүйесі үшін де маңызды. Енді біздің университеттер ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп, ғылыми кадрларды даярлауды бірлесе жүзеге асыратын болады. Аталған жобаны жүзеге асыру жоғары білім және ғылыми саласын, ғылыми-зерттеу институттарының әлеуетін арттыруға серпін береді», – деді Асхат Аймағамбетов өз сөзінде.

Асхат Аймағамбетов отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасында бірлескен жұмыс қазірдің өзінде жүргізіліп жатқанын айтты. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, «Вирусология» жаңа бағдарламасын жасап, бірлескен диссертациялық кеңес ашты.

Бүгін қабылданған шешім аясында жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары маман дайындауға қажетті 500-ден астам білім беру бағдарламасын жасайды. Бұл ғылыми зерттеу нәтижелерін білім беру бағдарламаларында пайдалануға мүмкіндік береді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.