Мемлекет басшысы: «Парақорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр»
Шетелмен сауда жасайтын адамдардың 90 пайызы жемқорлықпен бетпе-бет келген
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Президент салық және кеден саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою мәселелеріне арнайы тоқталды.
– Қытаймен өзара сауда-саттық туралы екі елдің статистикалық мәліметтері екі түрлі. Олардың арасында миллиардтаған доллар айырмашылық бар. Былтыр бұл көрсеткіш 5,7 миллиард долларға жетті. Мұндай үлкен айырмашылық қалай пайда болғанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Ашығын айтқанда, бұл – контрабанда. Келеңсіздіктің бар екенін кәсіпкерлер де растап отыр. Сауалнамаға қарасақ, шетелмен сауда жасайтын адамдардың 90 пайызы жемқорлықпен бетпе-бет келген. Оның ішінде 45 пайызы кеденшілерге пара беруге мәжбүр болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысындағы үш көліктік бақылау бекетін жемқорлық әбден жайлағанын анықтады. Елімізде мұндай 49 бекет бар. Кеден және көліктік бақылау саласындағы парақорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді күшейтуге шақырды. Бүкіл қоғамды жемқорлықпен күресуге жұмылдыру қажет. «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» қағидатын баршаның санасына сіңіру бүкіл мемлекеттік органның ортақ жұмысы болуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік аппаратта жобалық басқару қағидаттарын енгізуді жалғастыру маңызды. Барлық мемлекеттік орган жұмыстың жаңа форматына белсенді кірісіп, оларды іс жүзінде қолдануы керек.
– Жалпы әкімшілік тәсілдерден бас тартып, басқарудың заманауи технологияларына жан-жақты бет бұру қажет. Мемлекеттік қызмет жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік қызметтің іс жүзінде сервистік және тұтынушыға қолайлы болуы үшін мемлекеттік қызмет жүйесін қайта құруы керек, – деді Президент.