Мемлекет мұқтаж азаматтарға баспананың жарты ақысын төлеп беруі мүмкін
Бұл бағдарламаға бюджеттен 50 млрд теңге қажет болады
Атаулы тұрғын үй көмегі жалға алу құнының 50%-ын мемлекет, қалған 50%-ын жалға алушы төлейді қағидатына негізделеді. Жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалға алғаны үшін берілетін төлемді табысы бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтарға тарату ұсынылады. Бұл туралы Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Бүгінгі таңда елімізде мұндай 70 мың жан бар. Олар: көпбалалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Осы санаттағы азаматтарға жалға берілетін тұрғын үй құнының жартысын тағайындау көзделеді. Оператор ретінде «Отбасы банкін» анықтау ұсынылды», - делінген хабарламада.
Өтініш берушілер үшін мынандай негізгі талаптар қойылады:
- Қазақстан Республикасының азаматтығы;
- отбасының (азаматтың) әрбір мүшесіне шаққандағы соңғы 6 (алты) айдағы жиынтық табысы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Заңмен бекітілген ең төмен күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан аспауы;
- «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес баспанаға мұқтаж ретінде есепке қойылып, тұрғын үйге мұқтаж мәртебесін алуы;
- тұрғын үйдің меншік иесі мен жалға алушы арасында жасалған, сондай-ақ құқықтық кадастрда тіркелген шарттың болуы.
Айта кету керек, бұл бағдарламаға бюджеттен 50 млрд. теңге қажет болады.
«Республикалық бюджетке түсетін жүктемені төмендету мақсатында және жекелеген өңірлер бюджеттерінің тапшылығын ескере отырып, жергілікті бюджеттерден небәрі 10% мөлшерінде қоса қаржыландыру жоспарланып отыр.
Министрлік әзірлеген тетік барлық мүдделі мемлекеттік органдар жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіткеннен кейін ғана күшіне енеді. Төлемдерді тағайындау және жүзеге асыру мәселелері бойынша азаматтар "Отбасы банк"АҚ-ға хабарласа алады», - деп жазады министрлік.
Қазіргі кезде аталған ұсыныс барлық мемлекеттік органдармен келісілуде. Келесі аптада Үкімет қарауына жолданады.