Ақтауда 700-ге жуық адамды алдап соққан қаржы пирамидасының қос қызметкері сотталды

Azattyq Rýhy

Олар салымшылардың үйін, көлігі мен қомақты қаражатын алаяқтық жолмен жымқырған

Ақтауда 700-ге жуық адамды алдап соққан қаржы пирамидасының қос қызметкері сотталды
Фото ашық дереккөзден

Ақтауда 700-ге жуық адамды алдап соққан қаржы пирамидасының қос қызметкері алты жарым жылға сотталды. Олар салымшылардың үйін, көлігі мен қомақты қаражатын алаяқтық жолмен жымқырған. Қолды болған қаржы көлемі 3 миллиард теңгеге жуық, деп хабарлайды КТК арнасы.

Plus Capital компаниясы салымшылардың сеніміне кіріп, «салған ақшаң екі еселенеді» деп алдаған. Бірақ соңында ақшаны да қайтармай, мүлікті де бермей сан соқтырған. Жәбірленушілер құзырлы органдарға шағымданып, компания өкілдері ұсталған еді. Олар салымшылардың мүлкін иемденіп, оны төмен бағамен өзгелерге сатып жіберген. Компания құрылтайшысы Артур Темірғалиев 3 миллиард теңгеге жуық қаражатты қалтасына басып із суытқан. Қазір ол халықаралық іздеуде. Оның сенімхаты арқылы мүліктерді саудалаған Дархан Құсайын мен нотариус София Кушнеренко алты жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Әзірге 30 жәбірленуші ғана  мүлкін кері қайтарып үлгерген. Қалғаны сот орындаушылары арқылы шығындарын өндіріп алуы тиіс.

 «Құсайын Дарханға 58-бабының 3-бөлігі бойынша, яғни қылмыстардың жиынтығы бойынша неғұрлым жеңіл жазаны, неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен түпкілікті өтеуіне 6 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сонымен қатар қосымша жаза ретінде қылмыстық жолмен тапқан мүлкін тәркілеумен  және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға 7 жылға дейін құқығынан айырылған. София Кушнеренкоға осы Құсайын Дархан сияқты 6 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деді Ақтау қаласы сотының судьясы Аида Бұлақбаева.
 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.