Қостанай облысында жеке кәсіпкерден жарты келіден астам героин тәркіленді
Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторында
Қостанай облысында героиннің қомақты партиясы тәркіленді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз онлайн брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері прокуратура органдарымен бірлесіп күдікке ілінген жеке кәсіпкерді ұстады. Одан 0,5 келіден астам героин тәркіленді. Есірткі үйдегі істен шыққан тоңазытқышта сақталып келген. Бұдан арғы тергеу әрекеттері барысында күдіктінің бұрын есірткі қылмысы үшін сотталған серіктесінің пәтерінде бірреттік доза ретінде өлшеніп, 36 түйіншекке оралған 22 грамм героин және тәркіленді», - деді ІІМ ресми өкілі.
Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторында. Кінәлары дәлелденсе, дүние-мүліктері тәркіленіп, өздері 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.