Ақтөбеде кісі өлтірді деп айыпталып, ауруханадан қашып кеткен күдікті ұсталды
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды
Ақтөбе облысында кісі өлтірді деп айып тағылған күдікті ауруханадан қашып кетті. Ол бір күннен соң ұсталды. Бұл туралы Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ресми хабарламаға сүйенсек, оқиға 23 қаңтар күні болды. Жедел медициналық жәрдем ауруханасының хирургиялық бөлімшесінде емделіп жатқан А. жексенбі күні таңертең қамаудан қашып кетті. Бірден іздеу жүргізілді.
«Аталған факті бойынша облыстық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеуді бастады (ҚР ҚК «Бас бостандығынан айыру орындарынан, қамақтан немесе күзеттен қашу» бабы бойынша). Оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтау үшін ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қызметтік тексеру жүргізіп жатыр. Тексеру нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады», - деп хабарлады Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі.
Ал облыстық ПД баспасөз қызметі күдіктінің ұсталғанын растады.