Еліміздегі жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты 819 қылмыстық іс тергелуде – Бас прокуратура
Оның 45-і – лаңкестік актісі, 36-сы – жаппай тәртіпсіздік, 15-і – кісі өлімі бойынша
Еліміздегі жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты 819 қылмыстық іс тергелуде. Бұл туралы Бас прокуратураның бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов ОКҚ-де өткен бюаспасөз мәлихатында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жаппай тәртіпсіздіктен кейін қайта қалпына келтіру шарасы жүріп жатыр. Оның салдарынан зардап шеккен адамдар мен бизнес нысандарына қатысты оқиғаларды тергеу ерекше назарда. Бүгінде жедел тергеу тобы 819 қылмыстық істі тергеп жатыр. Оның 45-і - лаңкестік актісі, 36-сы - жаппай тәртіпсіздік, 15-і - кісі өлімі бойынша. Сонымен қатар ұрлық, тонау, қаруды жымқыру және билік өкіліне қатысты күш қолдану фактілері бойынша қылмыстық істер қаралып жатыр», - деді ҚР Бас прокуратурасы бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов.
Оның айтуынша, аталған қылмыстық істерге қатысы бар 973 күдікті қамауға алынған.
«Оның ішінде 182 күдікті соттың санкциясымен күзеттің қарауына алынды. Сонымен қатар 29 адам үйқамақта. Және 464 адам лаңкестік әрекет және жаппай тәртіпсіздік бойынша ұсталды. Одан басқа 226 адам - ұрлық, 60 адам - қаруды заңсыз сақтау және 39 адам - қару ұрлау, 25 адам - бұзақылық, 21 адам тонау ісі бойынша қамауға алынды. Басқа да қылмыстық істер бойынша ұсталған күдіктілер бар», - дейді ол.