Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Қазақстаннан 64 мыңнан астам адам кеткен
Елдегі тәртіпсіздіктер кезінде барлық өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істеді
Елімізден тәртіпсіздіктер кезінде 64 мыңнан аса адам кетіп қалды. Бұл туралы ҰҚК Шекара қызметі өкілі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҰҚК Шекара қызметі келтірген мәліметке сүйенсек, 2022 жылы 4-12 қаңтар аралығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы барлық өткізу пункті штаттық режимде жұмыс істеген, 64 048 Қазақстан азаматы елден кеткен.
«Тәртіпсіздіктерге байланысты 2022 жылы 6-12 қаңтар аралығында Алматы қаласының әуежайынан халықаралық рейстер орындалмады. Құрлықтағы өткізу пункттері арқылы өткізу Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия бекіткен карантин шектеулері кезеңінде шекарадан өту тәртібінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады», - деп атап өтті ведомство өкілі.