$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түркістан облысында қар құрсауында қалған 26 адам құтқарылды

Ауа райының қолайсыздығына байланысты облыстық маңызы бар автожол жабылған болатын

Түркістан облысында қар құрсауында қалған 26 адам құтқарылды

Түркістан облысында қар құрсауында қалған 26 адам құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 қаңтар күні «112» қызметіне Созақ ауданы Шолаққорған ауылынан 70 шақырым жерде Ұланбел – Созақ – Екпінді облыстық маңызы бар автожолының жабық учаскесінің 577-642 шақырымында жолаушылары бар 13 жүк және 9 жеңіл автомобиль қар құрсауында қалып қойғаны туралы хабарлама келіп түскен.

«Төтенше жағдай орнына келген құтқарушылар мен полиция қызметкерлері 13 жүк және 9 жеңіл автокөлікті сүйреп шығарды. Көліктегі 26 адамды, оның ішінде 1 баланы құтқарып, Шолаққорған ауылына жеткізді. Құтқарылғандар медициналық көмекке мұқтаж емес», - делінген облыстық ТЖД хабарламасында.

Авариялық-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 10 қызметкер мен 1 бірлік техника, Түркістан облысы полиция департаментінен 8 қызметкер мен 2 бірлік техника жұмылдырылды.

Естеріңізге сала кетейік, сағат 00-20 - 04-30 аралығында Созақ ауданында ауа райының қолайсыздығына байланысты облыстық маңызы бар 577 км-642 шақырымы ШҚ-2 Ұланбел – Созақ – Екпінді автожолы жабылған болатын.

Серіктес жаңалықтары