Елордалық полицейлер Алматыда мародерлік жасады деген күдікпен бір адамды ұстады

Azattyq Rýhy

«НР» маркалы ноутбук, «Iphone 11», «Iphone 6» маркалы ұялы телефондар табылып, тәркіленді

Елордалық полицейлер Алматыда мародерлік жасады деген күдікпен бір адамды ұстады
Фото ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері Алматы қаласында болған тәртіпсіздік кезінде мародерлікпен айналысты деген күдікпен бір адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы облысының 20 жастағы тұрғыны Нұр-Сұлтанға дейін жеке таксимен келген. Елордаға келген күні ол сауда үйлерінің бірінде «Iphone 13» маркалы ұялы телефонын 380 мың теңгеге өткізген.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полицейлер мародерлік жасады деп күдік келтірілген адамды Ұлы дала даңғылының бойындағы жалдамалы пəтерлердің бірінен ұстаған. Пәтерді тінту барысында Алматы қаласындағы «Белый ветер» дүкенінен ұрланған «НР» маркалы ноутбук, «Iphone 11», «Iphone 6» маркалы ұялы телефондар табылып, тәркіленген.

«2022 жылдың 4 қаңтарында күдіктінің Алматы қаласындағы компьютер клубында жұмыста болғаны анықталды. Танысынан жақын жердегі «Белый ветер» дүкенінің тас-талқанын шығарғанын естіп, аталған дүкеннің қойма үй-жайына барып, сол жерден 4 дана «Iphone 11» және «Iphone 13» маркалы ұялы телефоны мен  2 дана «НР» маркалы ноутбукты жымқырған. Жас жігіт ұрлық жасаған күннің ертеңінде Алматы қаласынан елордаға қарай шығып кеткен», - делінген ПД хабарламасында.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ПД уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. 

«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында сатып алушы анықталып, одан «Iphone 13» маркалы ұялы телефон тәркіленді.

Полиция департаменті азаматтарға құнды заттар мен техникаларды сату туралы күмәнді ұсыныстардан сақ болуды ескертеді. Тауарларды сатып алған кезде қырағылық танытып, сатушыдан чек немесе кепілдік талонын сұраңыз, күдік туындаған жағдайда полицияға хабарлаңыз.

Көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу немесе өткізу қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқтыратынын ескертеміз», - деп хабарлайды қалалық ПД.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.