«QazVac» вакцинасын ДДҰ қашан бекітетіні белгілі болды
Әлемнің 25 мемлекетімен Қазақстан вакцинасын мойындау туралы келісімге келдік

Әлем бойынша 40-қа жуық мемлекет біздің «QazVac» вакцинасын алуға өтініш берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен жиында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қазақстандық вакцинаның әлі күнге дейін неге тіркеуден өтпей отырғанын түсіндірді.
«Алдымен әлем бойынша бекітілген нақты талаптың барын түсінуіміз керек. Сегіз айдың ішінде екінші деңгейге көтерілуге мүмкіндік болды. Биыл жыл соңына дейін үшінші деңгейді аяқтау міндеті тұр. Содан кейін барып тіркеу туралы мәселе қаралатын болады. Бұл әлемдік стандарт бойынша бекітілген талап. Осымен жұмыс тоқтап қалған жоқ. Әлемнің 25 мемлекетімен Қазақстан вакцинасын мойындау туралы келісімге келдік. Бұған қоса, 40-қа жуық мемлекет біздің «QazVac» вакцинасын алуға өтініш берді», − Тоғжанов.
Оның айтуынша үшінші деңгей аяқталған соң «QazVac» вакцинасын ДДҰ тіркеуге қоятынына еш күмән жоқ.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша қазақстандық «QazVac» вакцинасын тіркеуден өткізу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның мамандары біздің елге келіп, вакцинамен кеңінен танысты. Өткен жылы ұйым мамандары вакцинаға қатысты өздерінің ескертпелерін атады. Сол бойынша 9 деңгей негізінде жұмыс жүргізілді. Белгілі болғандай, осы жылдың екінші және үшінші тоқсанында ДДҰ ұйымының мамандары Қазақстанға тағы да келіп, өздері бекіткен ескертпелердің орындалуымен танысады.