$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматы әкімдігі боксшы Бақыт Сәрсекбаевтың сынына жауап берді

Балалардың спортпен айналысуына бөлінген қаражат қысқартыла ма?

Алматы әкімдігі боксшы Бақыт Сәрсекбаевтың сынына жауап берді

Танымал спортшы  Бақыт Сәрсекбаев тегін спорт үйірмелеріне бюджеттен бөлінген қаражаттың қысқартылғанын хабарлады. Ол мемлекеттен қаржыландырылатын жоба басталғанда 5-17 жас аралығындағы балаларға бокс үйірмесін ашып, жаттықтырушыларды жалдапты. Алайда, оған Алматы әкімдігі елде орын алған төтенше жағдайға байланысты  қаржыландырудың жалғаспайтынын айтқан.

«Маған Алматы қаласының Спорт басқармасынан еліміздегі соңғы оқиғаларға байланысты қаржыландыру тоқтатылып, бағдарламаның жалғаспайтынын хабарлады. Оған спорт пен балалардың қандай қатысы бар деген сұрағыма Спорт басқармасының қызметкері «Алматыда не болғанын білесің бе?» деп жауап берді. Яғни, спортқа  қайтадан кесірі тиеді. Спортқа қаражатты үнемдей отырып, қаланы қалпына келтіру керек деп  шешкен бе? Маған білімімді, техникамды, тәжірибемді өскелең ұрпақпен бөлісуге мүмкіндік бермесе, онда кімді қаржыландырып жатыр?!» - деді Олимпиада чемпионы.

Аталған дауға қатысты Алматы қалалық спорт басқармасы жауап беріп, балалардың тегін үйірмесіне бөлінген қаражат қысқартылмағанын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша балалар спортын дамытуға қомақты қаржы бөліне береді. 2021 жылы нормативтік қаржыландыру жобасы бойынша  балалар мен жасөспірімдердің 10%-ын қамтамасыз ету үшін қалалық бюджеттен де қомақты қаражат бөлінген. Мегаполисте 4 пен 18 жас аралығындағы 383 мың бала мен жасөспірім тұрады.

«Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жобасы бойынша спорттық жаттығуларды қаржыландырудың тоқтағаны туралы ақпарат тарап жатыр. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Мегаполисте төтенше жағдай аяқталғаннан кейін спорт секциялары кестеге сәйкес сабақты қайта бастайды. Спорт қызметін көрсетушілер есеп картасын әр айдың 5-іне дейін ұсынады. Қызмет көрсетуші мекемелерден алынған мәліметтер негізінде Спорт басқармасы 18-не дейін көрсетілген қызметтерді төлеуге міндетті. Алматы қаласы бойынша үйірмелердің ақысын төлеуде кешіктірулер болған жоқ, барлық төлемдер уақытылы жүргізілді. Өткен жылдың желтоқсан айы үшін төлем 2022 жылдың осы айының соңына дейін жасалады», - деді Алматы қалалық спорт басқармасының баспасөз қызметі.

Бюджеттен бөлінген қаражатқа балаларды тегін жаттықтырмақ болған мекемелердің 521 өтініші  қанағаттандырылған.  Тегін спорт үйірмелеріне 56,7 мың жолдама берілгенмен, олардың ішінде 44,5 мың оқушы спортқа тұрақты қатысып келеді. Бұл қаладағы балардың 14 пайыздан астамын құрайды.

Қаладағы балалар мен жасөспірімдердің 10% спортмен қамтамасыз етудің қаржылай шығыны 11,8 млрд теңгені құрайды.

Серіктес жаңалықтары