$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қайғылы қаңтар: ҚР Бас прокуратурасы оқиғалар хронологиясын баяндады

Күш қолдану арқылы Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында облыс әкімдіктерінің ғимараттары басып алынды

Қайғылы қаңтар: ҚР Бас прокуратурасы оқиғалар хронологиясын баяндады
© REUTERS

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев елде болған тәртіпсіздіктердің толық хронологиясын ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

1 қаңтарда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында сағат 17:20-да қала әкімдігінің жанында қала тұрғындары жиналды. Сұйылтылған газ бағасын төмендету талабымен ел басшылығының атына бейнеөтініш жазған соң, сол күні сағат 18:00-де адамдар тарады. Құқық қорғау органдары қару қолданған жоқ. Құқық қорғау органдары күш пен қару қолданған жоқ. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Бас прокуратурасының қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев «қайғылы қаңтар» оқиғалар хронологиясын баяндады.  

Оның айтуынша, 2 қаңтарда Маңғыстау облысында сағат 11:00-ден бастап әкімдіктерге, автопарктерге, мешітке жақын жерде сұйытылған газ бағасын төмендету талабымен облыс тұрғындарының санкциясыз жиындары байқалды. Күн ішінде наразылық білдірушілер саны жүздеген адамды құрады. Жаңаөзен қаласында акцияларға қатысушылар ішкі автожолдарды жапты. Құқық қорғау органдары қару қолданған жоқ.  

«3 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындарын қолдау мақсатында еліміздің басқа жеті өңірінде «бейбіт» митингілер басталды. 4 қаңтарда митингілер жалғасып, адамдардың санкциясыз жаппай жиналыстары байқалған өңірлер саны 11-ге дейін өсті. Қатысушылар саны 37 мыңға дейін күрт өсті. Алматы және Шымкент қалаларында қарулы шабуылдар, өртеу, соның ішінде қызметтік автокөліктерді өртеу басталды. Алматы қаласында «Алматы-Арена» спорт кешенінің жанында жиналған 5 мыңға жуық адам қала әкімдігінің ғимаратына барып, полиция қызметкерлерімен қақтығысқа түсті. Нәтижесінде, 6 полиция автокөлігі өртенді, Ұлттық ұланның 5 әскери қызметшісі және 15 полиция қызметкері дене жарақатын алды. Шымкент қаласында 21 полиция автокөлігі зақымдалды. Осы күннен бастап, қызметкерлер мен әкімшілік ғимараттарға шабуылдарды қайтару мақсатында құқық қорғау органдары адам өміріне қауіп келтірмейтін арнайы құралдарды пайдалана бастады. 5 қаңтарда ойран салу мен ғимараттарды басып алу 11 аймақта жалғасты. Оларға қатысушылар саны 50 мыңға жетті», - деді спикер.  

Қаңтардың 4-нен 5-не қараған түні террористер Алматы қаласы әкімдігінің ғимараты мен «Алматы» халықаралық әуежайын басып алды. Сондай-ақ, бандиттер Өрт сөндіру бөлімін, Алматы қалалық Полиция департаментін, Әуезов және Жетісу аудандық полиция басқармаларын басып алуға әрекет жасады, 7 қару-жарақ дүкеніне басып кірді. Қала әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясының ғимараттарына, 4 Сауда орталығына, банк бөлімшелеріне өрт қойылды. Алматыдағы қарулы шабуылдарға қатысушылар саны 20 мыңнан асты.  

Сондай-ақ, күш қолдану арқылы Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында облыс әкімдіктерінің ғимараттары басып алынды. Азаматтардың қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатерге байланысты Президенттің Жарлықтарымен елдің әр аймағында төтенше жағдайлар енгізіліп, коменданттық сағат белгіленді. Террористердің әрекеттерін үйлестіруді жоққа шығару және олармен байланыс құралдарын қолдануды болдырмау мақсатында Интернетті пайдалану шектелді.

6 қаңтарда Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен елімізде антитеррористік операция өткізілетіні жарияланды. Оның негізгі мақсаты ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерді жою және азаматтардың өмірі мен мүлкін қорғау болып табылады.  

«Тек осы күннен бастап құқық қорғау органдары мен Қарулы Күштер террористерді жою үшін қару қолдана бастады. Алматыда Көк-Төбе телемұнарасы мен ҰҚК Шекара қызметі академиясын террористердің басып алуына жол берілмеді. Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен бітімгершілік операция жүргізу үшін Қазақстанға Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы күштері құрамынының әскері контингенттері жіберілді. Бітімгершілік әскерлердің мақсаты стартегиялық объектілерді қорғау ғана болды. Олар антитеррорлық операцияларға қатысқан жоқ. Нәтижесінде, өңірлердегі тәртіпсіздіктер мен жаппай жиындарға қатысушылардың едәуір азайды. Сол күні, барлық өңірлерде, бандиттер басып алған объектілер - әкімдіктер, полиция, ҰҚКД және т.б. ғимараттар антитеррористік операция ұлттық күштерінің бақылауына алынды.

7 қаңтарда азаматтардың қатысуымен наразылық акциялары Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында жалғасты. Сонымен қатар, Алматыда блокпосттарды ату, ауруханаларды басып алуға оқталу, дүкендерді тонау әрекеттері орын алды. Тараз, Талдықорған қалаларында тергеу изоляторларының ғимараттарына шабуыл жасалды», - деді бас прокуратура өкілі. 

8 қаңтарда елдегі жағдай біртіндеп тұрақтанды. Алматы қаласында антитеррористік операция күштерімен көшелер мен стратегиялық объектілерді тазалана басталды. Республика бойынша азаматтардың санкциясыз жиындары тоқтатылды.

 

 

 

Серіктес жаңалықтары