Лаңкестердің қолынан қаза тапқан Алматы телеарнасының қызметкеріне пәтер беріледі - Бақытжан Сағынтаев

Azattyq Rýhy

Қала әкімі  журналистерге еліміз үшін қиын уақыттағы жұмысы үшін алғыс айтты

Фото ашық дереккөзден

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында террористердің шабуылына ұшыраған БАҚ редакцияларына барды.

«Алматы» ТК ұжымымен кездесуде Б. Сағынтаев қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан жүргізуші Мұратхан Базарбаевтың қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Оның отбасына материалдық көмек көрсетіліп, 3 бөлмелі пәтер беріледі.

Әкім қолынан жарақат алған телеоператор Диаскен Байтибаевқа тезірек сауығып кетуін тілеп, жолдастарын эвакуациялауға көмектескен телеоператор Арсен Сандыбаевқа алғысын білдірді. Оларға материалдық қолдау, сондай-ақ одан әрі оңалтуға көмек көрсетілетін болады.

Б. Сағынтаев сондай-ақ «Алматы» ТК барлық қызметкерлеріне тәртіпсіздік кезінде азаматтарды хабардар ету бойынша батылдық пен кәсіби міндеттерді орындағаны үшін алғыс айтты.

Қала әкімі бандалық топтардың қолынан зардап шеккен «Қазақстан», «Хабар», «Мир», «Первый канал Евразия» телеарналары орналасқан ғимараттарды аралап көрді. Техникалық тексеруден кейін қысқа мерзімде қалпына келтіру басталады.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.