Алматыда тәртіпсіздікке қатысқан тағы бір топ ұсталды
Олардан есірткі, ұрланған заттар табылды
Алмалы аудандық полиция Басқармасының мәліметінше, қала орталығында 21-27 жас аралығындағы бес адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қаласы комендатурасының ақпараттық орталығы таратқан хабарламада ұсталғандардың арасында екі қыз бар екені айтылған.
Күдіктілер қолға түскен уақытта есірткіні тығып жатқан.
«Ұсталғандардың жалдамалы пәтерінен бөлшек сауда үшін оралған синтетикалық есірткі заты, сондай-ақ, күдіктілер тонау кезінде қылмыстық жолмен алған цифрлық құрал-жабдықтар табылды және тәркіленді.
Барлығы 70-тен астам ұнтақты заты бар магниттік бума, сондай-ақ компьютердің екі процессоры мен мониторы, ноутбуктер, теледидарлар, проекторлар, пернетақталар, виртуалды ойындарға арналған дулыға, киетін заттар, сондай-ақ, әскерилендірілген оқ-дәрілер табылды және қылмыстық іс материалдарына қосылды», - делінген хабарламада.
Күдіктілер қамауға алынды. Олардың жеке басы, сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қатысы бар-жоғы тексерілуде.