Павлодар облысында бүлік шығарған 900-ге жуық адам жазаланды
Жауапқа тартылғандардың қатарында төрт шетел азаматы болған
Павлодар облысында бүлік шығарған 900-ге жуық адам жазаланды. Бұл туралы облыс комендатурасы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыс комендатурасы өкілдерінің мәліметінше, тәртіп бұзғандардың әрқайсысына қатысты әкімшілік іс қозғалған. Жауапқа тартылғандардың қатарында төрт шетел азаматы болған. Материалдардың барлығы сотқа жіберіліп, шешімдер қабылданды.
Нақтырақ айтқанда, 220 азамат 15 тәулікке қамауға алынды. Тағы 300-ге жуық бұзақыға 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Ал өзге ел азаматтар кері қайтарылды.
Қазіргі уақытта облыстың күштік құрылымдары күшейтілген жұмыс кестесіне көшкен. Стратегиялық маңызы бар нысандар ерекше бақылауға алынды. Блок бекеттердегі қызмет күшейтілді. Тәулік ішінде блок бекеттер арқылы алты мыңнан астам автокөлік өткен. Жүріп-тұруға рұқсат болмағандықтан, 39 автокөлік мен 88 азаматқа кіру мен шығуға рұқсат етілмеді.
«Коменданттық сағат енгізілсе де, заңбұзушылықтар баршылық. Мәселен, уақыт режимін сақтамаған 700-ге жуық адам ұсталды. Әр адамға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Материалдар сотқа жолданды. Сонымен қатар, 290 көлік тоқталылып, айып тұрағына қойылды», – деді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанна Белялова.