Елордадағы ахуал тұрақты – қала әкімі
Полиция қызметкерлері аулаларды және пәтерлерді аралауда

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында жағдай тұрақты. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов Instagram-дағы өз парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шаһар басшысы тұрғындарды төтенше жағдай режимінің барлық ережелерін сақтауға және сенімді дереккөздерде жарияланған ақпараттарға ғана сенуге шақырды.
«Құрметті қала тұрғындары! Қаламызда жағдай тұрақты. Дегенмен, құқық қорғау органдарының барлығы жұмысын күшейтілген режимде жалғастыруда. Елорданың периметрі бойынша блокпосттар орнатылды, полиция қызметкерлері аулаларды және пәтерлерді аралауда. Өздеріңіз білетіндей, қаламызға сағат 23:00-ден 7:00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді. Полиция қаланы күзетеді. Бұл уақытта тұрғындардың сыртқа шығуына тыйым салынады. Қала тұрғындарын өздері мен жақындарының қауіпсіздігі үшін ТЖ режимінің барлық ережесін сақтауға, адам көп жиналатын орындарға бармауға, деструктивті күштердің арандатуына ерімеуге, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамын!»,- деп жазды қала әкімі.