СҚО-да ТЖ кезінде жалған ақпарат таратқан азаматқа қылмыстық іс қозғалды
Қазір аталған факті бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдай режимі кезінде жалған ақпарат таратқан азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыс коменданты Марат Төлебаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазір аталған факті бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Жалпы, полицияға 255 адам жеткізілген. Олардың ісі қазір сотта қаралып жатыр.
Бүгінгі күні облыстағы жағдай тұрақты. Мемлекеттік органдармен маңызды нысандар штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
«Бүгінгі күні төтенше жағдай режимімен комендаттық сағат талабын бұзғаны үшін 34 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өңірде заңсыз митингке қатысуды үгіттеген 16 адамды таптық. Оларға қатысты тиісті шаралар қабылданды. Мұнымен қоса осы күндері спирттік ішімдік сатудың төрт фактісі анықталды», – деді СҚО коменданты Марат Төлебаев.