Банк ТЖ кезінде өтелмеген несиелер үшін өсімақы есептеп жатыр деген ақпарат жалған – «Сбербанк»
Қазіргі кезде уақытылы өтелмеген несиелер үшін өсімақы есептелмейді

Қарағандылық Instagram-қоғамдастықтардың бірінде пайдаланушылар байланыстың үзілуі салдарынан уақытында өтеуге үлгермегендіктен «Сбербанк» несие төлеу мерзімі өтіп кеткені үшін өсімақы есептегені туралы жазды. Банктің мәлімдеуінше, бұл жалған ақпарат, деп хабарлайды Stopfake.kz.
«Сәлеметсіздер ме! Бүгін Сбербанк бөлімшесінде болдым. Онда несием бар. Айтпағым, олар несие төлемегендердің барлығына өсімпұл жазып жатыр. Қазақстандық банктер төтенше жағдай режимі кезінде несиенің уақытын өткізіп алғаны үшін айыппұл салуды тоқтатқан еді ғой. Назарда болсын! Пайдаланушыдан», - делінген Instagram-пабликке шыққан жазбада.
Банктің клиенттерді қолдау қызметінің мәліметінше, қазіргі кезде уақытылы өтелмеген несиелер үшін өсімақы есептелмейді.
«Қаңтар айының соңына дейін несие бойынша өсімақылар мен айыппұлдар есептелмейді», – деп хабарлады «Сбербанк».