Алматыда бүлікшілер әскери клиникалық госпитальге шабуыл жасамақ болған
Қазір онда тәртіпсіздік кезінде жараланған жауынгерлер ем алып жатыр
Алматыда бүлікшілер әскери клиникалық госпитальге шабуыл жасамақ болды. Алайда шұғыл қабылданған сақтық шараларының арқасында қауіптің беті қайтарылды. Қазір онда тәртіпсіздік кезінде жараланған жауынгерлер ем алып жатыр, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.
Әскери клиника дәрігерлері қазір күн-түн демей жұмыс істеп жатыр. Өйткені жараланған жауынгер көп. Мұнда Қорғаныс министрлігімен қатар Ұлттық қауіпсіздік қызметі және Ішкі істер министрлігінің де жараланған жауынгерлері жеткізіледі. Осыған кедергі келтіргісі келді ме, әйтеуір бүліктішілер госпиталді төңіректеген. Сондықтан шұғыл түрде сақтық шаралары қабылданыпты.
Жалпы бұл госпитальге 5-6 қаңтардан бері лаңкестер бірнеше рет шабуыл жасауға тырысқан. Алайда қарулы күштеріміз оларға кері тойтарыс берді.