Жамбылда жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 15 адам қайтыс болды – Облыс әкімдігі
Тәртіпсіздіктер кезінде құқық қорғау органының 7 қызметкері жараланды
Жамбыл облысында жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 15 адам қайтыс болды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқандар мен ұсталғандар туралы хабарламада: "Облыс орталығында террористік актінің алдын алдық, қаруланған 10 шақты қылмыскер өлтірілді, 269 арандатушы ұсталды. 20 қылмыстық іс және 104 әкімшілік іс қозғалды. 42 адам ауруханада жатыр. Жалпы 15 тұрғын қайтыс болды, оның екеуі құқық қорғау органдарының қызметкері", - делінген.
Одан бөлек, Жамбыл облысы әкімдігінің ғимаратын өртеп жіберген 4 қылмыскер ұсталды, олардың екеуінен Калашников автоматы тәркіленді.
Тәртіпсіздіктер кезінде құқық қорғау органының 7 қызметкері жараланды. 100-ге жуық қызметтік көлік қирады.
Жалпы 283 тұрғын медициналық көмекке жүгінген, оның 42-сі ауруханада жатыр.
Сонымен бірге, өңірде қаруланған топтарды іздестіру бойынша операциялар жүргізілуде.
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілдері облыста ахуал тұрақты екенін және жағдай өңірлік жедел штабтың бақылауында екенін атап өтті.