Мәулен Әшімбаев: Мемлекет басшысының батыл шешімдері Қазақстанның бейбіт өмірге тез оралуына мүмкіндік береді
Сенат Төрағасы қаза болған азаматтардың жақындары көңіл айтты
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев елімізде болған тәртіпсіздік салдарынан қаза болғандардың жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Құрметті достар! Соңғы күндері еліміздің бірқатар өңірінде болған қайғылы оқиғалар салдарынан біраз азаматымыздан айрылып қалдық. Соған байланысты Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Парламент Сенатының және жеке өзімнің атымнан қаза тапқандардың туған-туыстарына қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккен азаматтардың тез арада сауығып кетуіне тілектеспіз», - деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы өз сөзінде қиын кезеңде Президентіміздің айналасына топтасуымыз қажет екенін айрықша атап өтті.
«Мемлекет басшысының батыл әрі уақтылы шешімдері Қазақстанның бейбіт және қалыпты өмірге тез оралуына мүмкіндік береді.
Осындай күрделі кезеңде біз Президентіміздің айналасына топтасуымыз қажет. Бұл - жағдайды тұрақтандыру, экономиканы қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыру және барлық салада жаңа реформаларды іске асыру үшін маңызды қадам», - деп жазды Сенат Төрағасы.