Алматыда экстремистік топтың 4 жетекшісі ұсталды
ҰҚК жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм актілеріне қатысушыларды іздестіру және ұстау, сондай-ақ жасалған қылмыстардың мән-жайларын анықтау бойынша іс-шараларды жалғастырып жатыр
Бұған дейін Алматы қаласының аумағында экстремистік екі топтың жолы кесілгені хабарланған болатын. Олардың мүшелері биыл 4-8 қаңтар аралығында жаппай тәртіпсіздіктерге белсенді қатысқан.
«Бүгін арнайы қызметтер шетелдік экстремистік орталықтарда оқытудан өткен ұяшықтың бірінің 4 мүшесін ұстады. Ұсталғандар заңға қарсы жаппай акциялар жасады, тыйым салынған экстремистік ұйымға басшылық етті және оған қатысы болды, экстремистік әрекетке үндеді деген күдікке ілінді. Тінту кезінде олардың тұратын жерлерінен атыс қаруы, травматикалық және жарық-шу гранаталары, патрондар, діни әдебиеттер және өзге де заттай дәлелдемелер табылып, тәркіленді», - делінген хабарламада.
Топтың жетекшісі шетелдік азамат. Олар жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысып, шетелдік террористік топтармен байланыста болған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол билік органдары мен күштік құрылымдарға жаппай заңсыз акциялар мен шабуылдарды дайындау үшін Қазақстанға мақсатты түрде келген.
«Оның сыбайластарын іздестіру ұйымдастырылды. Өзге ақпарат тергеу талабына қатысты жария етуге жатпайды. Жедел және тергеу шаралары жалғасуда. Сонымен қатар, кейбір БАҚ пен әлеуметтік желілерде Алматы қаласы бойынша ҰҚКД-дан қаруды, оқ-дәрілерді және өзге де мүлікті ұрлау туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Департамент террористік қауіптің «қызыл» деңгейінің талаптарына сәйкес күшейтілген режимде жұмыс істеуде», - деп хабарлады Алматы қаласы бойынша ҰҚКД терроризмге қарсы күрес жөніндегі Алматы қалалық жедел штабы.