Атырауда жаппай тәртіпсіздік кезінде 49 полицей мен 27 сарбаз жараланды
Заңсыз митингке қатысқан 275 адам полицияға жеткізілді
Атырауда жаппай тәртіпсіздік кезінде 49 полицей мен 27 сарбаз жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Атырау облысының коменданты – полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев мәлім етті.
«Атырауда жаппай тәртіпсіздік кезінде 49 полицей мен 27 сарбаз жарақат алды. Бір адам көз жұмды. Облыстық әкімдік ғимараты мен полицияның 7 көлігі бүлінді. Заңсыз митингке қатысқан 275 адам полицияға жеткізілді. Сонымен қатар жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 186 күдіктіге қатысты тергеу жүріп жатыр», - деді Қамза Үмбетқалиев.
Оның айтуынша, бүгін тұрғындар қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалау үшін дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәндерінің 62 мұғалімі полицейлермен бірге жаяу патрульдеуге шықты. Сондай-ақ 100-ге жуық полиция ардагерлері мен еріктілер, қоғам белсенділері қоғамдық ыныштықты сақтауға көмектесуге ниет білдірген.