$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанада ТЖ режимін бұзған 22 адам жауапқа тартылады

Соңғы үш тәулікте елордада 45 қылмыс тіркелген

Астанада ТЖ режимін бұзған 22 адам жауапқа тартылады

Бүгінде елордадағы жағдай тұрақты және толық бақылауда. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Төтенше жағдай басталғаннан бері қалада «102» арнасына қоңырау шалу саны екі есеге артты. Үш күн ішінде 9076 қоңырау түскен. Елорда тұрғындарын анықтамалық сипаттағы мәселелер, қалаға кіру және шығу, ХҚО-лардың, банктер мен сауда орталықтарының жұмыс тәртібі қызықтырды.

«Полиция қызметкерлері қала тұрғындарына консультативтік және психологиялық көмек көрсетті. Соңғы үш тәулікте елордада 45 қылмыс тіркелген. Сондай-ақ, 2 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды», - делінген әкімдік хабарламасында.

Көлікті мас күйінде басқарғаны үшін екі жүргізуші ұсталды, олар сот шешімімен Полиция департаментінің арнайы қабылдау орнына қамалды.

«ҚР ӘҚБК-нің 476-бабына сәйкес төтенше жағдай жариялануына байланысты мемлекеттік орган белгілеген режимді бұзғаны немесе талаптарды орындамағаны үшін 22 адам тартылды. Кінәлілерге қатысты процессуалдық шешімді сот қабылдайды», - делінген ведомство хабарламасында.

Сондай-ақ, қаланың периметрі бойынша блокпостар орнатылды, елордаға кіру және шығу шектелген.

«Қала тұрғындары блок-бекеттерден тек күндізгі уақытта ғана өте алады. Қызметкерлер азаматтардың құжаттарын, сондай-ақ тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексереді.

Естеріңізге сала кетейік, қалада түнгі сағат 23:00-ден таңғы 7:00-ге дейін «коменданттық сағат» енгізілді, яғни жаяу жүруге және көлік құралдарына тыйым салынған. Қозғалысқа рұқсат тек елорданың тыныс-тіршілігіне жұмылдырылған азаматтарға ғана берілді.

Бекітілген ережелерге сәйкес, бизнес субъектілеріне сауда нысандары, базарлар, дүкендер, дәріханалар және басқа ұйымдарға сағат 08:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі, алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынды», - деп жазды елорда әкімдігі.

«Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзбауды, сондай-ақ қалада ТЖ режимін сақтау керектігін ескертемін. Төтенше жағдай кезінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасау ауырлататын мән-жай болып саналады және неғұрлым қатаң жауапкершілікке әкеп соғады», - деді Полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов.

Серіктес жаңалықтары