Қала әкімдігі бұл тақырыпты талқылаудан қалыс қалуды сұрады
Жақында қоғамдық бірлестік өкілдері Мәжіліс депутаты Айзада Құрмановамен кездесуде Павлодар қаласының атауын өзгерту туралы ұсыныс айтып, бұл тақырып әлеуметтік желі қолданушыларының арасында кеңінен талқыланды. Нақтырақ айтатын болсақ, «Jebe» қоғамдық бірлестігі Павлодар қаласының атауын Ертіс деп өзгертуді қоғам талқысына шығармақ.
Бүгін осы мәселеге байланысты Павлодар қаласының әкімдігі арнайы мәлімдеме жасады.
«Соңғы бірнеше күнде әлеуметтік желілерде қаламыздың атауын өзгерту тақырыбы қызу талқылануда. Бұған себеп - бірқатар әлеуметтік желі парақшаларында қоғамдық ұйымдардың қаланың атауын өзгерту ұсынысы туралы ақпараттың жариялануы. Қалалық әкімдікке облыс орталығын қайта атау жөнінде ешқандай ресми хаттар келіп түспегенін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта қала әкімдігімен қаланың атауын ауыстыру сұрағы қарастырылып жатқан жоқ. Осы тақырыпты одан әрі талқылаудан қалыс қалуды сұраймыз», - делінген қалалық әкімдіктің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.