Кереку VS Ертіс: Павлодар қаласының атауы қалай өзгеруі мүмкін
«Jebe» қоғамдық бірлестігі Павлодар қаласының атауын Ертіс деп өзгертуді қоғам талқылауына шығарады
Қоғамдық бірлестіктің өкілдері бұл ұсыныстарын алтыншы қаңтар күні мәжіліс депутаты Айзада Құрмановамен өткен кездесуде алғаш рет жария еткен. Аzattyq-ruhy тілшісі «Jebe» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данияр Жұмаділмен телефон арқылы сөйлесіп, бұрыннан ұсынылып келе жатқан Кереку күн тәртібінен неге түскенін сұрады.
«Бұл ұйымның ұсынысы. Ақылдаса келе, бастамамызды ұйым мүшесі Жұмабек Сманов айтады деп шештік. Кездесу алтыншы қаңтарда өтті», - деп хабарлады ол
Данияр Жұмаділдің айтуынша, қоғамдық бірлестік ұсынысты қалалық мәслихат пен әкімдіктің қарауына бүгін-ертең шығармайды. Алдымен, қоғам алдына шығарып, жан-жақты талқылау керек, дейді пікірін айтқан ол.
Неге Кереку емес ?
«Павлодар қаласының атауын ауыстыру туралы мәселе талай жылдан бері айтылып келеді. Бірақ біздің кемшілігіміз, қоғамның ең үлкен кемшілігі– атауға келгенде бір мәмліге келе алмай жүрміз. Кереку деп айтып келеміз, құлаққа Кереку деп сіңісті де. Бірақ тарихи тұрғыдан келгенде, оған (Кереку атауына - авт) қатысты әлі де көп қайшылықтар кездесіп жатыр», - дейді Данияр Жұмаділ.
Қоғамдық бірлестіктің төрағасы сондай қайшылықтардың бірі ретінде Коряков бекінісі атады. Керекуді орыс тілді орталар «Коряковка» дейтіні рас.
«Өйткені, Павлодар облысында «Коряковский» атты бекініс болған. Кереку сөзі сол Коряковка атауынан шыққан дейді, ал шын мәнінде, Коряковка Кереку сөзінен шыққан деп ойлаймын. Бірақ, осы фактіні әлі ешкім қағаз жүзінде дәлелдеп бере алмай жүр», - деген ол Кереку атауына қатысты осындай алып-қашпа әңгіме көп екенін айтты.
Депутат не дейді?
Ал, мәжіліс депутаты Айзада Құрманованың бұл ұсынысқа қатысты жеке пікірін әзірге біле алмадық. Депутаттың телефоны байланыс аясынан тыс жерде, бәлкім, Айзада Амангелдіқызы қазір Павлодар облысының ұялы байланыс желі ұстамайтын шалғай ауылдарында жүрген болар. Данияар Жұмаділдің айтуынша, депутат ұсынысты қолдамаған.
«Ия, жақсы, ауыстырайық» деп айтқан жоқ. Бұл мәселе шешіледі, уақыты келгенде ауыстырылады деген мағынада пікірін білдірді», - дейді Данияр Жұмаділ.
Ертіс – арна, Ертіс-медиа, Ертіс – бассейн
Қоғамдық бірлестіктің басшысы Павлодар қаласын қалай өзгертуге болады деген мәселеде зиялы қауымнан жан-жаққа тартатын көп атау ұсынылған. Біреулер батырлардың атын беру керек деген де пікір білдірген. Данияр Жұмаділ сол атаулардың арасынан «бізге ең жақыны Ертіс болды» дейді.
«Соңғы жылдары Павлодар облысын Ертіс-Баян өңірі деп айтып жүр. Павлодар дегенде еске алдымен Ертіс өзені мен Баянауыл түседі ғой. Сондықтан, Ертіс атауын ұсынайық деген бір ұстамға келдік. Шын мәнінде, Кереку болсын, Ертіс болсын, бір қазақи атау болуы керек», - дейді ол.
Ертіс атауы қоғамның құлағына сіңіп келе жатыр деген Данияр Жұмаділ соңғы уақытта Павлодар облысының орталығында ашылған нысандардың барлығына дәл осы Ертіс атауы беріліп жатыр дейді.
«Олимпиадалық бассейн ашылды, соның атауы қазір «Ертіс» бассейні. Қалада заманауи мультимедиалық музей ашылды, оның атауы да «Ертіс». Ақпараттық холдинг бар, оның атауы – «Ертіс-Медиа». Облыстық телеарна бар, оның да атауы ертіс. «Ертіс» деген атау қоғамның құлағына ақырын сіңіп келе жатқан сөз», - дейді ол.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан