Қуаңшылықта шаруаларға көмектескен Құрмет Талапқазыға 3 бөлмелі үйдің кілті берілді
Көпшіліктен жиналған қаражаттың жалпы сомасы 18,5 млн теңге
Биыл еліміздің батыс өңірінде болған қуаңшылық кезінде шаруаларға мал азығын жөнелткен шымкенттік Құрмет Талапқазыға үш бөлмелі үйдің кілті табысталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Ақшалай қаражат жан-жақтан жиналған екен. Қайырымдылық шарасына қатысқандарың арасында меценаттар да бар. Барлығы 18,5 млн теңге жиналған.
Осылайша баспаналы болған жігіт ендігі кезекте шаңырақ көтеруді армандайды.
«Мен үйге бөлінген ақшаны мұқтаж адамдарға жұмсағым келді. Бірақ жігіттер үй сатып алған екен. Көп рахмет, жақында үйленіп, отбасын құрсам деймін. Бірақ бұдан кейін де халыққа көмек көрсетуімді жалғастырамын», - деді Құрмет Талапқазы.
Еске сала кетейік, 2021 жылдың маусым айында елдің батыс аймақтарындағы құрғақшылықтың салдарынан жаппай мал қырылу жағдайы болды. Сол уақытта Құрмет ондаған адамды шабындыққа жинап, құрғақшылықтан зардап шеккен аймақтарға алты вагон шөп пен жоңышқа жеткізуді ұйымдастырды.