Қостанай облысында төрт баланы өрттен құтқарған жасөспірімге жергілікті кәсіпорын көлік сыйлады
Ол бұған дейін анасының көлік мінуін армандаған
Жуырда ғана Қостанай облысында бүтін бір отбасының төрт баласын өрттен құтқарған 5 сынып оқушысына өңірдегі «СарыарқаАвтоПром» ЖШС көлік сыйлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олег Пирог жақында журналистермен болған сұхбатында: «өзім үшін жаңа жылға ештеңе сұрамаймын, бірақ анамның көлігі болғанын қалаймын» деген.
Бесінші сыныпта оқитын Олегтің тұратын үйі оның мектебінен алыс жерде орналасқан екен. Отбасында көлік болғанымен, жүруге жарамсыз. Ол енді анасының су жаңа темір тұлпарға отыратынына дән риза.
«Әрине, біз үшін бұл күтпеген тосынсый болды. Бұл көлікті Олегке сыйға тартты. Біз әлі көліктің құжаттарын рәсімдеген жоқпыз. Сол себепті әзірге оны алмадық», - деді Олегтің анасы Валентина Пирог.
Еске сала кетейік, 25 желтоқсанда Қостанайдағы «Садовод» саяжайындағы үйлердің бірі өртке оранды. Ол уақытта 5-сынып оқушысы Олег Пирог далада ойнап жүрген, кейін қалың түтінді байқап, бірден көмекке жүгірген. Артынша өртенген үйдің ішінен төрт баланы алып шыққан.