Аграрлық несие корпорациясы агроөнеркәсіптік кешендегі сақтандыру операторы болды
Сақтандыру сыйлықақысының 50% мемлекет есебінен өтеледі
«Бәйтерек» Холдингінің еншілес компаниясы – Аграрлық несие корпорациясы клиенттерге тоғыз ерікті сақтандыру өнімдерін ұсынады. Тиімді ұсыныс ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін ынталандыруға және сақтандыру шартын жартылай арзандатуға бағытталған, өйткені сақтандыру сыйлықақысының 50% мемлекет есебінен өтеледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстандық аграршылар егін немесе ауыл шаруашылығы жануарларын сақтандыру арқылы өздерінің өндірістік тәуекелдерін азайта алады.
«Өсімдік шаруашылығында дәнді дақылдар (бидай, арпа, жүгері, сұлы) мен майлы дақылдар (күнбағыс, рапс, зығыр) сақтандырылуға жатады. Бұл сақтандыру өнімі топырақтағы ылғал индексіне, яғни оның жетіспеушіліне және артық болуына негізделеді. Соның арқасында кәсіпкерлер өз тәуекелдерін құрғақшылықтан немесе жауын-шашыннан сақтандыра алады», - деп атап өтті Аграрлық несие корпорациясының сақтандыру департаментінің директоры Әсемгүл Мұстафина.
Директор департаментінің мәліметінше, мал шаруашылығындағы сақтандыру қорғауы ірі қара малдың өз шаруашылығының аумағында, 5 км радиустағы (кеңейтілген қамту) көрші шаруашылықтардың аумағында, ауру салдарынан өлуінен, союынан және жоғалуынан, өрт, жазатайым оқиғалар, дүлей апаттар мен ұрлықтар болған жағдайда ұсынылады.
Qoldau.kz ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы негізінде, шарт жасасудан бастап төлемдерге дейінгі барлық рәсімдер платформада орналасқан Agroinsurance Ақпараттық сервисінде жүргізілетін болады. Сервис толығымен автоматтандырылған, егер сақтандыру жағдайы туындаса, клиенттің жүйедегі жеке кабинетіне және жеке электрондық поштасына хабарлама келеді. Бұдан әрі ЭЦҚ көмегімен сақтанушы төлемді қамтамасыз ететін сақтандыру компаниясына төлем туралы өтініш ресімдеуі қажет.
Жүйеде тек лицензияланған сақтандыру компаниялары жұмыс істейді. Сақтандыру өнімі шеңберіндегі тәуекелдер әлемдік сақтандыру нарығында «А» рейтингісі бар Халықаралық қайта сақтандыру компаниялары сақтандырылады. Бұл сақтандыру жағдайлары туындағанда кепілдендірілген төлемдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, «Бәйтерек» Холдингі АӨК саласын қаржыландыратын екі еншілес ұйымды біріктіруді аяқтады. Осы жылдың 13 желтоқсанынан бастап «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ клиенттерінің несиелері бойынша барлық міндеттемелер «Аграрлық несие корпорациясы АҚ-на ауысты. Бұдан басқа Аграрлық несие корпорациясына АШҚҚҚ-ның микробизнесті кредиттеу, Агроөнеркәсіптік кешендегі сақтандыру операторының және «Дипломмен ауылға!» жобасы шеңберінде ауылдық ипотека бойынша сенім білдірілген өкілдің (агенттің) функциялары берілді.