«Суретті апайдың өзі өзгерткен»: Табантал ауылының әкімі фотошоппен өңделген суретке қатысты түсініктеме берді
Суретті фотошоппен өңдеген әкімдік емес, тұрғынның өз туыстары екен
Ақтөбе облысы Табантал ауылының әкімі Рүстем Шакизаевтың жергілікті тұрғынды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаған сәтіндегі фотошоппен өңделген суреті әлеуметтік желіде тарады, деп хабарайды Azattyq Rýhy.
Ауыл тұрғынымен түскен суретте әкімнің бейнесі фотошоппен қойылғаны анық көрінеді. Желіде тараған фотоның астында әкімнің құттықтау сөзі көрсетілген.
«Ауыл әкімі ауылымыздың тұрғыны, ерен еңбек иесі, қайсар ана, ауыл әйелдерінің республикалық форумының қатысушысы, "100 есім", "Асқар шыңға ту тіккен ауыл әйелдері" кітабына енген, шаруа қожалық басшысы Нәжмедденова Балсұлу апамызға барып, құттықтауды жөн көрді. Апамыздың кәсібіне береке, отбастарына амандық тілеп, тәуелсіздік шағымызда атқарған еңбектеріне алғыс айтты», - деп жазылған постта.
Azattyq Rýhy тілшісі Табантал ауылының әкімі Рүстем Шакизаевқа хабарласып мән-жайды анықтады. Әкім ауылдағы «Аманжол» шаруа қожалығының басшысы Балсұлу Нажмединованы расымен де үйіне барып құттықтағанын айтты. Ал суретті фотошоппен өңдеген әкімдік емес, әйелдің өз туыстары екен.
«Суретке апайдың телефонына түскенбіз. Содан соң суретті сұратқанда апай киімінен ұялып өзгертіп салған. Сол күні барып құттықтағаным рас», - деді Рустем Шакизаев.