Елордада «Болашақ» қоры қазақ тіліне дубляждаған фильмдердің киноконцерті өтті
2011 жылы қор тікелей Елбасының қолдауымен «Өзіңнен баста» жобасын бастады
Елордада симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен және вокалдық орындауда қазақ тілінде Disney-дің лицензияланған «Жұлдыздар шеруі» киноконцерті өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Концерттік бағдарлама Қазақстан үшін арнайы жасалып, көрермендерге «Болашақ» қорының бастамасымен мемлекеттік тілге дубляждалған әйгілі кинокартиналардың композициялары ұсынылды.
«Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі Бауыржан Байбек жиналғандарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтай отырып, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Болашақ» стипендиясының арқасында мыңдаған қазақстандық жастардың әлемнің жетекші оқу орындарында білім алуға қолы жеткенін атап өтті. 2011 жылы бағдарлама түлектері қор құрған болатын. Аталған қордың қайырымдылық және білім бағдарламаларынан бөлек тағы бір бағыты мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту бастамасы болды.
«2011 жылы біз тікелей Елбасының қолдауымен «Өзіңнен баста» жобасын қолға алған едік. Бүгінде қазақ тіліндегі сапалы әрі бәсекеге қабілетті контентті еліміздің балалары ғана емес, сонымен қатар әлемдегі отандастарымыз да көру мүмкіндігіне ие болды. Өздеріңізге мәлім, «Болашақ» қоры аутист балалардың мәселелерімен де белсенді түрде айналысып жүр. Бірнеше жылдың ішінде біз көптеген инклюзияны қолдау кабинеттерін аштық. Бүгін осы залда да ерекше қажеттіліктері бар балалар қатысып отыр. Әрбір сатылған билеттен түскен қаражат инклюзивті білім беру жобаларын дамытуға жұмсалатын болады», – деді Бауыржан Байбек.
Киноконцерт барысында Nazima, Динара Сұлтан, Гүлсім Мырзабекова, Ayree, Данияр Өтеген, Инди Еділбаева және басқа да әншілер Disney-дің классикалық туындылары – «Арыстан патша», «Су перісі», «Мулан», «Аладдин», «Покахонтас», сондай-ақ «Мұзды өлке», «Моана», «Аңдар шаһары» секілді заманауи анимациялық фильмдердің әйгілі компоизцияларын орындады. Шығармалар «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен шырқалды. Оркестрдің бас дирижері – Арман Оразғалиев.
«Осынау ғажайып концерт – қордың 10 жылдық мерейтойының құрметіне орай елорда тұрғындарына жасаған тартуы. Бұл мультимәдени іс-шара балаларды сүйікті мультфильмдері арқылы классикалық аспаптық музыка тыңдауға ынталандыра отырып, ана тіліміздің байлығы мен шұрайлылығын паш етеді. Киноконцерт біздің қазақ тілінде сапалы контент жасау бойынша ұзақ жылғы жұмысымыздың жалғасы болып отыр. Осынау жобаларға 1,5 млрд теңге бөлген 22 компанияның демеушілік көмегінің арқасында жетекші кинокомпаниялардың 38 фильмі дубляждалды», – деп атап өтті қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан.