Петропавлдық колледж директоры Оксфорд университетінің құрметті профессоры атанды
Ол Нидерланд еліне гастрольге шығып, 15 жеке концерт берді
Петропавл қаласындағы Ермек Серкебаев атындағы Өнер колледжі – дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің директоры Рауза Кәшенова Оксфорд университетінің құрметті профессоры атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Рауза Әбутәліпқызы республикалық және халықаралық деңгейдегі конкурстардың белсенді қатысушысы. Ол италиялық органист, Ватиканның радио және теледидар директоры Артуро Сакеттидің Таллин қаласындағы күмбезді соборында өнер көрсетті.
«Юниор Камер» компаниясының шақыруымен Нидерланд еліне гастрольге шығып, 15 жеке концерт берді. Қазылар алқасының мүшесі ретінде Амстердам қаласында консерваторияда өткен Бельканто фестиваль-конкурсына қатысты. Осы сапарында дыбысталу ұзақтығы 74 минуттық концерт жазылған диск шығарды.
2010 жылы Еуропа ректорларының халықаралық клубына қосылып, оның құрметті мүшесі болды. Бұл Оксфорд қаласында (Англия) өткен «XXI ғасыр көшбасшылары» халықаралық саммитінде болған еді. Ал 2011 жылдың желтоқсанында Рауза Әбутәліпқызы басқаратын оқу орнына European QUALITY AWARD – «Еуропалық сапа» беделді халықаралық марапаты табысталды.
2012 жылдың желтоқсан айында KPE және Еуропалық бизнес Ассамблеясының шақыруымен Вена қаласында өткен Халықаралық форумға және рождестволық Рыцарлық балға қатысты, Австрияда Вена симфониялық оркестрмен бірге өнер көрсетті. 2012 жылы Халықаралық ғылыми-өнеркәсіптік палата (Бельгия) алтын медаль мен De merito дипломын табыс етті.
Тәжірибелі педагог жастардың талантын шыңдап, өнерді дамытуға елеулі үлес қосып жүр.
2021 жылдың 17 желтоқсаны көрнекті қызметтері үшін Рауза Кәшенева орденмен және Оксфорд университетінің (Англия) құрметті профессоры атағымен марапатталды.