«Елімізде ешбір ведомство азық-түліктің бағасына болжам жасамайды»: Мәжіліс депутаты мемлекеттік органдардың жұмысына шүйлікті
Агроөнеркәсіптік кешеннің орталықтандырылған болжамдық-талдамалық орталығын құру ұсынылды
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына кемінде жарты жылға арналған болжам қажет. Мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев төменгі палатаның жалпы отырысында елдегі азық-түлік бағасына қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында мемлекеттік органдардың жұмысына шүйлікті. Айтуынша, елімізде ешбір ведомство азық-түліктің бағасына болжам жасамайды екен.
«Депутаттық корпус азық-түлік тауарларының бағасының көтерілу мәселесін бірнеше рет көтеріп, биыл 6 қазанда депутаттық сауал жарияладық. Біздің сауалымызға бірде-бір ведомство бағаны болжаумен айналыспайды деп жауап берді, ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрліктерінің, стратегиялық жоспарлау және реформалар, бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттіктердің құрылымдарында азық-түлік бағаларын талдау мен болжаудың қолданыстағы жүйесі жоқ деген жауап берілді. Бүгінде қажетті инфрақұрылым бар, қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр, жылдан жылға біз тұрақтандыру қорларын қаржыландыруды ұлғайтудамыз. Алайда, басқару мен болжаудың бірыңғай орталығы, нақты жұмыс жоспары жоқ, бағаның әрбір күрт өсуінен кейінгі салдармен ғана күрес жүргізіледі», - деді Ғалым Әміреев.
Өз кезегінде мәжіліс депутаты мәселені шешу арнайы орталық құруды ұсынды. Онда елдің агроөнеркәсіптік кешені туралы барлық мемлекеттік ақпараттық ресурстарды интеграциялау, ауыл шаруашылығының салалары мен инфрақұрылымының жай-күйі туралы деректерді жинау мен талдаудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесін құру, аграрлық азық-түлік нарықтарының дамуын болжау міндеттері атқарылуы тиіс.
«Өңірлердегі филиалдарымен бірге агроөнеркәсіптік кешеннің орталықтандырылған болжамдық-талдамалық орталығын құру қажет. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, агроөнеркәсіптік кешеннің болжамдық-талдамалық орталығын құру мүмкіндігін қарап, орталықты құруға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағаларына жауапты бір мемлекеттік органды айқындауды сұраймыз», - деді өзінің депутаттық сауалында Ғалым Әміреев.