Шымкенттегі зиратта жылқылар жайылып жүр
Полиция жылқылардың иесін табуға уәде берген
Шымкенттегі зираттардың бірінде жылқылар емін-еркін жайылып жүр. Оқиғаны қала тұрғындары видеоға түсіріп алған деп хабарлайды Azattyq Rýhy otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Марқұмдарының қабірлеріне барған жергілікті тұрғындар ондағы жайылып жүрген жылқыларды байқаған. Айтуларынша, малдар қабірлердің үйінділерін таптап, қоршаулардың үстімен секіріп өткен.
Тұрғындар табынның біраз жерді жүріп өткенін айтып шағымдануда. Өйткені зиратта жайылған жылқылардың іздері анық көрінеді.
Оқиғаны видеоға түсірген келіншектің айтуынша, жануарларды жайылымға әдейі жіберген, өйткені зираттың ішінде құрғақ шөп көп. Сондай-ақ, жайылып жүрген малдардың иесі де, бағушысы да ол маңайда болмаған.
«Мұнда өлгендер жатыр, оларды құрметтеу керек. Кеше біз 82 жылқыны санап шықтық. Полиция жылқылардың иесін табуға уәде берді», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Татьяна Лесбекова.
Қалалық полиция департаменті бұл фактіге қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.