Елордада сотталғандар қардан мультфильм кейіпкерлерінің мүсіндерін жасады
Жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болды
Нұр-сұлтан қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің ЕЦ-166/1 мекемесінде де сотталғандар арасында қар мүсіндерінің дәстүрлі байқауы өтті деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотталғандар арасында 19 команда жасақталып, олар Тәрбиешілер кеңесінің назарына өздерінің мүсіндік композицияларын ұсынды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған патриоттық сипаттағы шағын сәулет нысандарының арасында ертегі және мультипликациялық кейіпкерлердің фигуралары бар.
Тәрбие бөлімінің бастығы Жандос Айтмұқашұлының айтуынша, байқауға қатысушылар арасында бәсекелестік барынша сезілді. Себебі жүлделі орындарға ие болған сотталғандар мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бағдат Амангелдиевтің қолдауымен арнайы марапатқа ие болады.
Комиссия мүшелері Аяз Ата мен Ақшақардың, мультфильм мен ертегі кейіпкерлерінің, сондай-ақ Тәуелсіздік ескерткішінің классикалық бейнелеріне баға берді.
«Қар мүсіндерін жасау байқауында тақырып бойынша ешқандай шектеу болмағандықтан менің әріптестерімнің көпшілігі мультфильм кейіпкерлерін құрастыра бастады. Мен де олардан шет қалмадым. Біз серіктесім екеуміз «Корпорация монстров» мультфильміндегі Майк Вазовскидің мүсінін жасадық. Шын мәнінде түзету мекемесінде отырған адам мұндай кезде бір сәт балалық шағына оралып, ерекше әсерге бөленеді», - дейді сотталған азамат.
Мекеменің әкімшілік ғимаратының алдында орналасқан «У Лукоморья» мүсіндік композициясы қазылар алқасының ерекше назарына ілікті.
«Байқау үшін сотталғандар қардан барлығы 23 фигураны дайындады, енді мекеме комиссиясы жеңімпаздарды таңдайды. Біз мұндағы жазасын өтеушілердің игі бастамаларын әрдайым қолдаймыз, өйткені мұндай шара Қылмыстық-атқару кодексінде көрсетілмегенімен, бұл сотталғандарды түзейтін амалдардың бірі. Мен біздің мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталған азаматтардың өнерге деген ынталарын дамытуды айтып отырмын», - деді Бағдат Сатыбалдыұлы.