«Блогерлерге таратам: Төбелеспен аты шыққан шенеунік бопсалаудың құрбаны болғанын айтты
Ол мемлекеттік қызметкер атына кір келтірді деп айыпталды
Алматы облысы, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Алмас Әбдібаевтың ісін облыс басшылары арнайы тексерген. Бұл туралы Аzattyq-ruhy-на облыс әкімінің баспасөз хатшысы айтып берді. Жауапқа тартылған шенеунік қоластындағы маманды неліктен жағасынан алғанын түсіндірген. Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, төбелеске мәдениет қызметкерінің әкім орынбасарының жақында өмірден озған анасына тіл тигізуі себеп болыпты.
«Төбелестен соң Мәдениет бөлімінің қызметкері төбелестің бейне бақылау камераға түсірілгенін айтып, істі «оңтайлы» шешуді ұсынған. Бұл сыбайлас жемқорлық екенін білген экс-басшы бұдан бас тартқан. Содан кейін төбелестің видеосы блогерлерге тарап әлеуметтік желіде тарап кетті», -деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жукел.
Осылайша, әкім орынбасары арандап қалдым деп түсініктеме берген. Бірақ облыстық әкімдік өкілі Алмас Әбдібаев мемлекеттік қызметкер екенін ұмытпай, әдеп сақтауы керек еді дейді. Оның үстіне бір-бірімен жаға жыртысқан шенеуніктер Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың «Мемлекеттік қызметкерлер арасында Жаңа жылды ұжыммен тойлауға болмайды» деген арнайы қаулысын бұзған. Енді мейрамханада бұзақылық жасаған әкімдіктегі қос қызметкердің ісі алдағы уақытта сотта қаралмақ.
«Ол қанша арнадатуға ұшыраса да мемлекеттік қызметтің абыройына нұқсан келтірді. Тергеу жайы оған қатысты басқа да шешімдері біз білмейміз. Өйткені, ол енді әкімдікпен байланысты қызметке қатысы жоқ. Арнайы бұйрықпен жұмыстан шығарылды», - деді баспасөз хатшысы.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Алмас Әбдібаев мейрамханалардың бірінде Сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы мен бірге Мәдениет үйінің қызметкерін жабылып соққыға жыққан.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы