Филиппин аралдарында болған тайфун 75 адамның өмірін қиды

Azattyq Rýhy

Сондай-ақ 300 мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды

Photo: AFP

Филиппинде болған Раи тайфуны салдарынан 75 адам көз жұмып, 300 мың адам босып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Channel News Asia агенттігінің мәліметінше, Филиппин аралдарында кем дегенде 75 адам қауіпті Раи тайфунының құрбаны болған, тағы 300 мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Бохол провинциясының губернаторы Артур Яп Facebook әлеуметтік желісінде 49 адамның қаза тапқанын, тағы 10 адамның із-түзсіз жоғалғанын, 13 адамның жараланғанын хабарлады. Ол көптеген провинцияларда байланыс болмағандықтан, өзіне 48 әкімнің 21-і ғана есеп бергенін атап өтті.

Желдің жылдамдығы сағатына 195 шақырымға жеткен. Билік зардап шеккен аймақтарға әскери қызметкерлерді, полиция, өрт сөндірушілер мен жағалау күзетшілерін жіберуде. Филиппин әскери-теңіз күштерінің кемесі гуманитарлық көмекпен аралға бет алды.

Айта кетсек, 16 желтоқсанда Филиппинде Раи деген атауға ие болған супертайфуны соғып, жел жылдамдығы секундына 54 метрді құраған. Ел шенеуніктері тайфунның болжамды бағытында 10 мыңға жуық елдімекен бар екенін айтып отыр. Бүгінгі күні елдегі барлық дерлік рейстер тоқтатылды, сондай-ақ теңіз қозғалысына да шектеу қойылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.