$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанның Тәуелсіздік күнімен шет мемлекеттердің басшылары құттықтады

Осы жылдар ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің басшылығымен мемлекетті дамыту ісінде қол жеткізілген табыстарды атап өтті

Қазақстанның Тәуелсіздік күнімен шет мемлекеттердің басшылары құттықтады

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына орай шет мемлекеттер басшыларынан  құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсті. Бұл туралы Azattyq Rýhy Elbasy.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қытай халқының және өзінің атынан Елбасыны және барша қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтап, осы жылдар ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің басшылығымен мемлекетті дамыту ісінде қол жеткізілген табыстарды атап өтті.

«Сіздің көреген басшылығыңызбен Қазақстан мемлекет құру ісінде табысты даму жолына түсіп, зор жетістіктерге жетті, Еуразия өңіріндегі беделді мемлекетке айналды. Қытай мұны тату көрші әрі мәңгілік көпжақты стратегиялық әріптес ретінде қуанышпен қабылдайды. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі мемлекеттік даму стратегиясын табысты жүзеге асырып, елдің әлеуетін нығайтуды және халықтың әл-ауқатын арттыруды жалғастыра беретініне сенімдіміз», – делінген  Си Цзиньпиннің жеделхатында.

Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан халқына Тәуелсіздіктің отыз жылдығына орай тыныштық пен бақ-береке тілеп, жылы лебізін жолдады.

Режеп Тайип Ердоған Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамуына тоқтала келе, Елбасының тікелей қолдауымен құрылған Түрік мемлекеттері ұйымының биылғы 12 қарашада Стамбул қаласында өткен саммитінің нәтижелерін атап өтті.

Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон Қазақстан жетістіктері Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты екенін айтты.

«Егемендік жылдарында бауырлас Қазақстан болашаққа ұмтылған, заманауи мемлекет құру жолында толағай табыстарға қол жеткізіп, бүгінде халықаралық аренада лайықты орын алды. Қазіргі Қазақстанның жетістіктерінің барлығы Сіздің есіміңізбен және Сіздің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті лауазымындағы көпжылдық жемісті мемлекеттік қызметіңізбен тығыз байланысты», – делінген Эмомали Рахмонның жеделхатында.

Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың хатында: «Сіздің Қырғызстан-Қазақстан арасындағы достық пен тату көршілікке негізделген берік стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарды қалыптастыруға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын. Байланыстарымыз алдағы уақытта да біздің елдеріміздің игілігі жолында үздіксіз дамып, тереңдей береді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізге зор денсаулық пен жаңа табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына бақ-береке тілеймін», – делінген.

Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің жеделхатында да Қазақстанның егемендіктің отыз жылы ішінде қол жеткізген жетістіктері айтылған.

«Тәуелсіздік жылдары Қазақстан өз мемлекеттілігін нығайту, халықтың тұрмысын жақсарту және халықаралық аренада абыройын арттыру жолында зор табыстарға жетті.

Біз жақын көршіміздің жетістіктері үшін қуанамыз және стратегиялық сипатқа ие екіжақты қатынастарды дамытуға дайынбыз», – деді Гурбангулы Бердімұхамедов.

Серіктес жаңалықтары