«Балық аз ауланған соң баға да қымбат»: Атырауда балықшылар белгіленген лимитті игере алмай жатыр
Бұған ең алдымен су деңгейінің төмендігі себеп
Атырауда балық аулауға берілген лимит игерілмей жатыр, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
«Жайық өзені деңгейінің төмендеуі осындай олқылыққа әкеліп соқты» дейді балықшылар. Ал түп тереңдету жұмыстарынан қайран болмаған.
Балықшылар Каспий теңізіне бөлінетін лимит көлемін арттырып, балықты теңізден аулауға көшу керек дегенді айтып отыр. Балықшылардың есебі бойынша күзгі маусымда берілген лимиттің кем дегенде 25-30 проценті игерілуі керек екен. Алайда биыл тіпті 20 процентке де жетпей қалған.
Мұнайлы өңірдегі балық шаруашылығымен айналысатын 17 мекеменің мәселесі ортақ.
«Түп тереңдету жұмыстарын жүйелі жүргізу керек» дейді балықшылар. Бұл мәселе балықпен қоса балықшыларды да әбігерге салып отыр.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік инспекциясының мәліметінше, Жайық өзенінен ауланған балық көлемі тіпті азайып кеткен. Мысалы, былтыр 1200 келіден астам балық ауланса, биыл ауланғаны 647 келі ғана.
Балық бұрынғыдай ауланбағаннан кейін баға да көтеріліп отыр. Тіпті базарда жаңа ауланған балық жоқтың қасы. Десе де балықшылар үміттерін үзер емес. Күзгі лимитті көктемде толтыруға ниеттеніп отыр.