Министрлік жолаушыларға «Bek Air» рейстеріне билет сатып алмауға кеңес берді
Бұл әуе компанияның эксплуатант сертификатының белгісіз мерзімге тоқтатылуына байланысты
27 желтоқсанда Алматы маңында болған ұшақ апатынан кейін «Bek Air» әуе компаниясының барлық бағыттағы рейсі тоқтатылды. Ұшақ апатына байланысты арнайы комиссия құрылып, Үкімет басшысы Асқар Мамин апат себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия 2020 жылдың 10 қаңтарына қарай өз жұмыстарының алдын ала қорытындыларын ұсынуы тиіс деп хабарлады.
Ал, бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жолаушыларға «Bek Air» рейстеріне билет сатып алмауға кеңес берді.
«Bek Air» әуе компаниясының эксплуатант сертификатының белгісіз мерзімге тоқтатылуына байланысты, азаматтарға аталған әуе компаниясының рейстеріне билеттер сатып алмауға кеңес беріледі», - делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ Азаматтық авиация комитеті 27 желтоқсан күні Алматы маңында болған ұшақ апатына қатысты БАҚ өкілдерінің әртүрлі сауалдарына жауап бере алмайтынын хабарлады. Комитеттің хабарлауынша, бұл сұрақтарға тек арнайы құрылған ресми комиссия ғана жауап береді.