Астанада биыл жаңа туған нәрестелерге қандай есімдер жиі қойылды?
2021 жылдың 1 қаңтарынан 30 қарашасына дейін елордада 32 146 бала туу туралы куәлік алды
Осы жылдың 11 айында Нұр-Сұлтанда 32 146 бала өзінің алғашқы құжаты — туу туралы куәлігін алды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 мыңға көп, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Аудандық әкімдіктердің АХАТ бөлімдерінің мәліметі бойынша, 2021 жылдың 1 қаңтарынан 30 қарашасына дейін елордада 32 146 бала туу туралы куәлік алды. 2020 жылдың сәйкес кезеңінде қалада 29 083 сәби дүниеге келді.
Биыл Нұр-Сұлтандағы ең танымал есім Айлин болды. Оны 437 жаңа туған қыз алды. Екінші орында – Медина, бұл есім 414 сәбиге берілді. Елордадағы қыздардың ТОП-15 танымал есімдеріне Айша, Әмина, Томирис, Аяла, Айзере, Раяна, Сафия, Асылым, Айару, Мәриям, Айым, Айша, Зере кірді.
2021 жылы ұлдар арасында 360 бала Әлихан есімімен аталған. ТОП-15 құрамына Әмір, Алан, Әли, Алдияр, Арлан, Омар, Әлтайыр, Айсұлтан, Санжар, Ибраһим, Ислам, Рамазан, Ерасыл, Арсен сияқты есімдер кірді.
Биыл қалада некені ресми тіркеген жаңа отбасылар саны да өсті. Сонымен, көрсетілген кезеңде 11 289 жұп отбасын құрды. 2020 жылы 9 571 неке тіркелді.
Сарапшылардың айтуынша, қазір некеге тұруға және отбасын құруға жауапкершілікпен, саналы түрде қарайды. Бүгінгі таңда жас жұбайлардың орташа жасы 26-28 жасты құрайды, ал 4-5 жыл бұрын ол 22-23 жасты құраған. Тек жастар ғана емес, сонымен бірге ересектер де – 50-60 және тіпті 70 жастағылар да некелесіп жатады.