Нұр-Сұлтанда Pfizer екпесін қанша адам алды
434 мыңға жуық тұрғын иммундаудың толық курсынан өтті
Елордада Pfizer препаратымен вакцинациялауға жататын контингенттің 8,6 мыңнан астамы егілді. Вакцинациядан өткендер арасында бірінші орында жасөспірімдер – 12 жастан асқан 5 900-ге жуық бала тұр, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы оқушылардың медициналық ұйымдарда да, білім беру мекемелерінің медициналық пункттерінде де белсенді вакцинацияланатынын хабарлады.
«Одан кейін емізетін аналар – 2 500-ден астам, ал жүкті әйелдер – 191 адам.
Жалпы қала бойынша КВИ-ға қарсы вакцинаның бірінші компонентін 475 мыңға жуық азамат алды, ал 434 мыңға жуық тұрғын иммундаудың толық курсынан өтті.
Сондай-ақ, елордада компоненттер арасындағы интервалға сәйкес азаматтардың ревакцинациясы жалғасуда. Осылайша, қалада 1600-ден астам адам қайта егілді», - делінген әкімдік хабарламасында.