Оралда тұмау ауруынан екі баланың көз жұмғаны туралы ақпарат расталмады
Облыс тұрғындарына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ

Батыс Қазақстан облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, әлеуметтік желілерде Орал қаласында екі баланың тұмаудан қайтыс болғандығы жөнінде ақпарат тараған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
«Облыс тұрғындарына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Себебі аймақта тұмау ауруының тұрақты екендігін хабарлаймыз. Тұмау ауруының асқынған түрі тіркелген жоқ, жағдай былтырғы жылмен бірдей сақталып отыр», - дейді департамент мамандары.
Облыста эпидемияға қарсы жедел шараларды қабылдау мақсатында жыл сайын 1 желтоқсаннан бастап облыс халқының жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың жай-күйіне күнделікті мониторинг жүргізіледі. Дегенмен өңір тұрғындарына тұмау асқынулармен қауіпті екенін ескертеміз, сондықтан респираторлық аурулардың алғашқы белгілері пайда болғанда өзін-өзі емдеумен айналыспай, дереу дәрігерге бару қажет, дейді мамандар.